Өскемендегі сарбаздың қазасы: командирлер 7 жігітке үнемі қысым көрсеткені белгілі болды
Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады
23 қаңтарда Өскемен гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапқан еді. Арада тура үш ай өте Бас әскери прокуратура тергеуді аяқтап, істі прокурорларға жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас әскери прокуратураның мәліметіне сүйенсек, тергеу барысында әскери лауазымды шенділердің біраз «былығы» әшкере болған.
«Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза болған әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсеткені анықталды», - деп хабарлады бүгін, 23 сәуір күні Бас әскери прокуратура.
Сонымен қатар, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған. Осы және өзге де фактілерді ескере отырып, Бас әскери прокуратура билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Айта кетейік, тергеу барысында әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымынан айырылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.