Теміртауда футбол ойнап жүрген үш баланы құрылыс алаңындағы тоқ соғып алған (ВИДЕО)

Полиция қылмыстық іс қозғаған

Теміртауда футбол ойнап жүрген үш баланы құрылыс алаңындағы тоқ соғып алған (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Теміртауда футбол ойнап жүрген үш баланы құрылыс алаңындағы тоқтың жібі соғып, үшеуі де ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысындағы журналист Сергей Терещенконың айтуынша, оқиға 22 сәуір күні болған. Бұл аймақ 4А деп аталады. Жақын маңда көпқабатты үш тұрғын үй салынып жатқан еді.

«Балалардың біреуі құрылыс алаңына түсіп кеткен допты алу үшін қашадан секіріп кеткен. Добын ала бергенде оны тоқ соққан. Ал қалған екі бала оған көмектесеміз дегенде тоққа соғылған. Тұрғындар бұл құрылыс алаңындағы кабельді алып тастасын деп көп рет сұраған екен. Өйткені, кабельге тіпті кішкене баланың бойы жетеді», - дейді журналист.

Теміртау тұрғындары қазір бұл құрылыс негізінен тоқтап тұрғанын айтады. Бірақ, трансформатордан тоқтың дауысы естіледі.

«Тоқ соққан үш баланың үшеуі де балалар ауруханасына түсті. Балалар орта дәрежеде жараланған. Қазір дәрігерлер оларды емдеп жатыр», - деп хабарлайды басқарма.  

Қазір Қарағанды облысының полициясы «Салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады.