Щучье дәмханасындағы жойқын жарылыс: Бас прокуратура арада екі ай өте тағы екі адамды қолға түсірді

Автор: Бақыт Шынар

Анықталғандай, дәмхана иесінен басқа газ құю станциясының директоры мен газ баллонын әкелген адам ұсталған

Фото: Ақмола облысы ТЖД

Ақмола облысының прокуратурасы Щучье қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасындағы жойқын жарылыстың тергеуін әлі жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін прокуратура іс бойынша дәмхана иесінен басқа кім ұсталғанын және оларға қандай айып тағылып отырғанын хабарлады.

«Ақмола облысының прокуратурасы Щучье қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасында болған жарылысты әлі тергеп жатыр. Тергеу  абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша жүреді. Үш күн бұрын, 20 сәуір күні арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілінді», - деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.

Егер олардың кінәсі дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.  

«Күдіктілердің бірін сот үйқамаққа, екіншісін изоляторға жіберді», - деп хабарлайды Ақмола прокуратурасы.

Естеріңізге салайық, Бурабай ауданының Щучье қаласында бес қабатты тұрғын үйдің іргесіндегі бір қабатты дәмханада жарылыс болып, 13 адам көз жұмды.