Жетісу облысына – 4 жыл: «Қорғас» бекеті арқылы өтетін адамдардың саны 1,8 млн адамға жетті

Автор: Бақыт Шынар

 Бұрын бөл көрсеткіш екі есе аз еді

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығында инфрақұрылымды цифрландыру, автоматтандыру және жаңғыртудың кешенді іс-шаралары жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде аталған орталық туризмді, сауда мен инвестицияны дамытуға бағытталған заманауи инфрақұрылымы бар тиімді алаңға айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Қорғас» бекеті басқарма төрағасының орынбасары Сейілбек Садырбектің айтуынша, мұнда  барлық басқару және өткізу жұмыстары толық цифрландырылып, Face ID жүйесі енгізілген.

«Қорғас» ШЫХО-ның басты ғимаратына күрделі жөндеу жұымысы жүргізіліп, оған кіруден бастап, тауарды беруге дейінгі процестің бәрі толық цифрландырылды. QR код арқылы онлайн билет алу мүмкіндігі жасалды. Осының нәтижесінде орталықтың өткізу қабілеті айтарлықтай өсті. Мысалы, 2024 жылмен салыстырғанда былтыр келушілер саны 16 пайызға артты. Бұған дейін біз 4-5 мың адам ғана қабылдасақ, қазір 9 мың адамға дейін қабылдау мүмкіндігіміз бар. Биыл бұдан да көп турист келеді деп күтудеміз», – дейді Садырбек.

Сонымен қатар екінші багаж терминалы, жүк тасымалдау бойынша «Қазпошта» сервисі іске қосылды. Соның арқасында тауар тасымалдау  жеңілдеген. Мәселен, бұған дейін тауар тасымалы 4-5 сағатқа созылса, цифрландырудың арқасында бұл жұмыс 1-1,5 сағатта атқарылатын болды.

Жаркент қаласының тұрғыны Лилия Жұмаханова тұрғындар қазір бекетте кептеліс азайып, жұмыс едәуір жеңілдегенін айтады.

«Жұмысыма байланысты күнделікті бекет арқылы өтемін. Әр келген сайын оң өзгерістерді байқаймын. Бұрын бекеттегі ұзын-сонар кезек сыртқа дейін созылатын. Қазір бұрынғыдай емес, цифрландыру арқылы кезек бір ізге қойылды, ғимараттың іші кеңейіп, жаңартылды, – деді ол. 

Жаркент қаласының тағы бір тұрғыны Мадияр Құрманбаев бұрын билет алу үшін ұзын-сонар кезекке тұратынын айтып, еске салды.

«Бұрын біз билет алу үшін бекетке арнайы келіп, кезекке тұратынбыз. Ол тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызатын. Қазір цифрландырудың арқасында билетті түрлі банк желілері арқылы онлайн алып, бекеттен оңай өтетін болдық», – дейді ол.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде орталыққа келушілер саны 2023 жылы 966,9 мың болса, бұл көрсеткіш 2025 жылы 1,8 млн адамға жетті. Сөйтіп, Жетісу облысының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Қорғас» ШЫХО инфрақұрылым мен цифрлық сервисті, туризм мен еларалық сауда-саттықты дамытуға ықпал етіп отыр.