Олар жауапқа тартылды
Ащысай ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекенінде екі тұрғын тау ішінен заңсыз «барит» кенін қазып алған. Олардың бұл іспен айналысуға ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Олар Өзбекстан азаматын заңсыз жұмысқа жалдап, еңбек күшін пайдаланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі азамат шетелдікті заңсыз жұмысқа тартқаны және тиісті ережелерді бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 518-бабы 2-бөлігі және 519-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Өзбекстан азаматына қатысты хаттама толтырылып, оның ісі Кентау қалалық сотында қаралатын болды.
Заңсыз әрекетке «Меридикт» ЖШС-нің де қатысы бар болып шықты. Аталған серіктестік лицензия талаптарын сақтамағандықтан, олардың 2024 жылы алған барлау лицензиясын кері қайтарып алу мәселесі көтерілді. Бұл бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми хат жолданды.