Семейде мысығын кір жуғыш машинаға салып, жуып өлтірген әйелге айыппұл салынды

Автор: Темірхан Айжан

Полиция азаматтардың жануарларға қатысты қатыгездік әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін ескертті 

Фото: скрин

Семейлік әйел үйіндегі марғауын кір жуғыш машинаға салып, 1 сағат жуып, өлтірген. Кейін өлексені видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, деп Azattyq Rýhy.

Тұрғынның әрекеті көпшіліктің ашу-ызасын тудырып, арты қоғамдық резонансқа ұласты. Тәртіп сақшыларының тексерісінен кейін жағдайдың абайсызда болғаны анықталды.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 19 сәуір күні жануардың иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылған. Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнаманы бұзғаны үшін оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.

Полиция департаменті әрбір азаматтың үй жануарларының тағдырына жауапты екенін ескертіп, жануарларға қатысты қатыгездік немесе заңсыз әрекеттер үшін заң алдында жауап беруге тура келетінін қатаң ескертті.