Полиция қазірдің өзінде сондай ақпараттар таралып жатыр дейді
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын еске салады. Бұл ретте полиция желіде тіпті әзіл-қалжыңның арты да қылмысқа апаратынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес терроризм туралы жалған ақпарат таратқандар ауыр жазаланады.
«Жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері тіркелуде. Мұндай әрекеттер әзіл, қалжың ретінде жасалса да, бұлар қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады», - деп ескертеді ішкі істер министрлігі.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияларға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдатады.