Екібастұзда 60 жастағы зейнеткер терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бала терезеден ойыншықтарын лақтырып, артынан өзі де секірмек болған

Фото: Telegram-канал «Экибас в теме»

Екібастұз қаласының тұрғыны екінші қабаттың балконына өрмелеп шығып, баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Кеншілер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Кәмелетке толмаған бала терезеден ойыншықтарын лақтырып, артынан өзі де секірмек болған. Сол сәтте көшеде өтіп бара жатқан 60 жастағы Тоқан Байділдин байқап қалып, еш ойланбастан жоғарыға қарай өрмелеген.

«Ата-аналар сақтық шараларын әлі де ескермей отырған сияқты. Тор немесе қауіпсіздік құлыптарын орнату туралы айтылып жатса да, салғырттық тыйылмай тұр. Құдамыз керек уақытта сол жерден табылып, үлкен қасіреттің алдын алды», — дейді куәгер.

Оқиғаға қатысты Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенова пікір білдірді. Ол екінші қабат болса да, кішкентай бала үшін бұл биіктіктің өте қауіпті екенін ескертті.

2025 жылы Павлодар облысында 17 бала терезеден құлап кеткен. Өкінішке қарай, оның ішінде 4 бала қаза тапты.

Маманның айтуынша, әрбір баланың жолында Тоқан Қафизұлы сияқты жанашыр адам кездесе бермейді. Сондықтан ата-аналарға бала қауіпсіздігіне барынша мұқият болуды ескертеді.