«Төбелеспеңдер»: Павлодарда бір топ бозбала ескерту жасаған ер адамды жабылып, соққыға жыққан (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Полиция олардың жеке басын анықтады

Фото: скриншот

Павлодар қаласында бір топ жасөспірім «төбелеспеңдер» деп ескерту жасаған ер адамға жабыла кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл оқиғаны таяқ жеген ер адамның әйелі видеоға түсіріп алып, желіге салған. Анықталғандай, ер адам балкон жөндейді және сол күні тапсырыс берген адамның балконын өлшеуге барған.

«Күйеуім балкон өлшеу үшін тапсырыс берген адамның үйіне барған. Балконды өлшеп жүріп сырттағы мына балаларға көзі түскен. Олар әуел баста бір баланы жабылып, сабап жатқан. Далаға шыққаннан кейін күйеуім таяқ жеп жатқан баланы ажырату үшін олардың жандарына барып, «төбелеспеңдер» деп ескерту жасаған. Сол кезде бір баланы ұрып жатқан 15-16 жастағы бір топ бозбала әлгі таяқ жеп жатқан баланы тастай сала, менің күйеуіме жабыла кеткен. Оны қоршап алып, теуіп, қорқытқан», - деп жазған ер адамның әйелі.

Бұл видео полицияның қолына түсіп, жасөспірімдердің жеке басы анықталған.

«Полиция төбелеске қатысқандардың бәрін анықтап, полицияға әкелді. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлайды Павлодар қаласының полиция департаменті.