Астанадағы балалар ауруханасында өрт шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ

Фото: © istockphoto.com

Елордадағы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның мән-жайы

Әкімдіктің ресми мәліметінше, өрт туралы хабарлама 11 сәуір күні сағат 22:48-де келіп түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнына санаулы минуттарда жеткен.  22:55-де «101» қызметінің бөлімшелері ауруханаға келген. Ал 23:08-де өрт толықтай ауыздықталған.

Осылайша, өрт сөндірушілер небәрі 20 минуттың ішінде қауіптің бетін қайтарып, ғимаратты жалыннан сақтап қалды.

Құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жедел іс-қимылының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиғадан соң ауруханадағы кішкентай пациенттер қауіпсіздік мақсатында уақытша көршілес ғимаратқа эвакуацияланды.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.