Кеңес жолдағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты болған
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды елді дүр сілкіндірген жол апаты - әл-Фараби даңғылындағы апаттан кейін қаладағы көлік қозғалысына қатысты кеңес өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында Сатыбалды қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, бұдан былай жолдағы тәртіп қатаң бақылауда болады дегенге сендірген. Ол тіпті көлігін дұрыс тұраққа қоймаған жүргізушілердің өзі де қатаң жазаланатын мәлімдеген.
«Осыған орай полицияға барлық құқық бұзушылық бойынша, оның ішінде көлігін тұраққа дұрыс қоймаған жүргізушілерге де қатаң шара қабылдауды тапсырдым», - деген Дархан Сатыбалды.
Жалпы, әкім полицияға жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдерді енгізу керек екенін тапсырған. Және қала көшелеріндегі ақаулар да тез арада жойылу керек.
Қала билігі биыл 360 көшені, соның ішінде 17 ірі көшені жөндемек. Жол сапасына оны жөндеген мердігер жауапты болады.