Ол әзірге үйқамақта
Қаржы мониторинг агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп, аяқтады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегіне сүйенсек, күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ «Семья» тұрғын үй кешені салынатыны туралы жалған жарнама беріп, адамдардан ақша алған.
«Азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жасалып, Қостанай қаласында кеңсе жалға алынған», - деп хабарлайды ҚМА.
Осындай көзбояушылыққа алданған 28 жеке және 1 заңды тұлға алаяққа 162 млн теңге жинап берген көрінеді. Бірақ, ол ақшаны жеке мақсатына жұмсап, тұрғын үйдің құрылысын аяқтамаған.
«Сот күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына арест қойды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп хабарлайды ҚМА.