Полиция марқұмның суреттерін жарияламауды сұрап жатыр
Қызылорда қаласында наурыз айының басында болған жол апаты кезінде ер адамның басы жұлынып кеткен. Әлеуметтік желіде марқұмның суреті жарияланған соң, полиция ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде таралған қорқынышты суретте ер адамның басы бір жақта, денесі бір жақта жатқанын көруге болады. Жазба авторлары жол апатына кінәлі азамат қазір бостандықта екенін жазған.
Қызылорда қаласының полициясы күдікті бостандықта ма, әлде қамауда ма, нақты жауап бермеген. Тек іс тергеліп жатқанын мәлімдеп отыр.
«13 наурыз күні Қызылорда қаласында Тәуелсіздік даңғылы мен Есқараев көшесінің қиылысында үш автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Жол – көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2104 автокөлігінің жүргізушісі қаза тапты. Оқиға орнына дереу полиция наряды келді. Аталған дерек бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Моральдық және этикалық қағидаларды сақтау мақсатында оқиға орнынан түсірілген фото және бейнематериалдарды таратпауды сұраймыз», - деп хабарлайды полиция.
Дереккөзге сүйенсек, қазір тергеу жүріп жатыр. Істі департамент басшысы өз бақылауына алынған көрінеді.