Алматы тауларында бес жасөспірім адасып кетті

Автор: Дәулет Ботагөз

Балалардың бірі тыныс алу жолдарының ауруымен ауыратын болып шыққан

Фото: ТЖМ

Алматы тауларында Көкжайлаудан жоғары жақта адасып кеткен бес жасөспірім құтқарылды. Балалардың бірі тыныс алу жолдарының ауруымен ауыратын болып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Оқиға Күмбел шыңына көтерілу кезінде болған. 2009 жылы туған бес жасөспірім тауға шығып, кейін «Үш ағайынды» (биіктігі шамамен 3 мың метр) бөлігіне түскен. Осыдан кейін олармен байланыс үзіліп, ата-аналары дабыл қақты.

«Балалардың бірінің әкесі 112 қызметіне хабарласып, ұлының демікпемен ауыратынын айтқан. Бұл іздестіру жұмыстарын жеделдетуге себеп болды», - деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.

Іздестіру шараларына ТЖД Құтқару қызметі, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы және Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды. Бір сағаттан соң құтқарушылар жасөспірімдермен 1,5 шақырым қашықтықта  байланыс орнатты.

Демікпесі асқынған жасөспірім қарда жүретін арнайы көлікпен дереу төмен түсіріліп, дәрігерлерге тапсырылды. Қалған төрт бала құтқарушылардың сүйемелдеуімен Көкжайлауға дейін жаяу түсіп, қалаға жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккен балаға жедел жәрдем көлігінің ішінде ингаляция жасап, алғашқы көмек көрсетті.

Қазіргі уақытта жасөспірімдердің жағдайы тұрақты, олар үйлеріне жіберілді.