Оқиға өткен жылы басталған
Алматылық 71 жастағы бұрынғы университет оқытушысы алаяқтықтың құрбаны болды. Қылмыстық топ өздерін «құқық қорғау органдарының қызметкеріміз» деп таныстырып, Жаннат Көшікованы үш бөлмелі пәтерінен айырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға өткен жылы басталған. Зейнеткерге әріптесінің атынан хабарлама келіп, «жоғары оқу орнының заңгері хабарласатынын» айтқан. Көп ұзамай өзін «ІІМ подполковнигімін» деп таныстырған ер адам видеобайланыс арқылы шығып, форма киіп, тіпті құжаттарын да көрсеткен.
«Ол маған: «Сіздің жинақтарыңызға қауіп төніп тұр, оларды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Сондықтан бізбен бірлесіп жұмыс істеп, ақшаңызды қауіпсіз цифрлық шотқа аударуыңыз керек», – деді», — дейді Жаннат Көшікова.
Алаяқтардың арбауына сенген әйел өз қолымен банктен 20 миллион теңге жинағын шешіп алып, көрсетілген шоттарға аударған. Онымен қоса, алаяқтардың айтуымен 1 миллион теңге несие де рәсімдеген.
Ақша таусылғанда, алаяқтар зейнеткердің жылжымайтын мүлкіне көз салған. Олар әйелді «пәтеріңізді алаяқтар саудаға шығарып жіберіпті, оны құтқару үшін жалған сатылым жасап, ақшаны инкассаторға беру керек» деп сендірген. Пәтер 45 миллион теңгеге бағаланған. Сатылымнан түскен қаражатты зейнеткер беймәлім адамдарға ұстатып жіберген.
Шындықтың беті Жаннат Көшікова туыстарынан тағы 5 миллион теңге қарыз сұрағанда ғана ашылды. Бауыры Руслан Жұмабаев күмәнданып, бірден полицияға хабарласқан.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Егер күдіктілер ұсталса, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алайда мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Пәтердің жаңа иесі үйді заңды түрде сатып алғанын айтып, зейнеткерді сот арқылы үйден шығаруды талап етуде. Қарияның заңгері бұл әрекеттің заңсыз екенін алға тартып, әйелдің полиция тарапынан «жәбірленуші» деп танылғанын алға тартуда.