Төрт адамның әрқайсысы 16-18 жыл аралағына сотталды
Былтыр, 2015 жылдың күзінде Маңғыстау облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары әшкере еткен «ДЮНЬ ОПЕРАТОР» интернет-есірткі дүкенінің иелері болған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері 18 жылға дейін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлар топтың ақшасын тексере отырып, соның негізінде Жамбыл, Ақтөбе облыстарының аумағында және Шымкент қаласында 4 адамды ұстаған еді.
«Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған 2 млрд теңгеден астам ақша қаражаты тәркіленіп, жалпы құны 100 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан аса ірі мөлшерде есірткі заттары алынған болатын», - деп еске салды прокуратура.
Сот істі қарай келе, төрт адамды 16 жылдан 18 жыл аралығында бас бостандығынан айырды.
Олардың тапқан 2 млрд теңгесі мен қымбат көліктері тәркіленді.