Қазақстандағы ер адамдар көбіне әйелдерге телефон арқылы сталкинг жасайды
Ішкі істер министрлігі Қазақстанның әр аймағындағы сталкинг фактілеріне қатысты есеп ұсынып, сотқа жеткен қылмыстық істер бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша, «сталкинг» қылмыс ретінде енген күннен бастап осы бап бойынша 51 іс сотқа жолданған.
«Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды ол.
ІІМ өкілі бірнеше оқиғаның мән-жайын айтып берген. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны бұрынғы әйелін жүйелі түрде қудалап келген: оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Әйел телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттаса да ер адам түрлі аккаунттар мен нөмірлер арқылы мазасын ала берген. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасына кескен. Астанада да тура осындай сталкер сотталған.
«Астана тұрғыны жарты жыл бойы әйелді қудалап келген. Әйел қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартып, оны бұғаттап тастаса да, ер адам оны мазалай берген. Тіпті, жұмысына, үйіне барып, видео түсірген. Сот оны 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасына кесіп, моральдық зиян өтеуді міндеттеген», - деп хабарлайды ІІМ өкілі.
Ал, оның айтуынша, Семейдің 31 жастағы тұрғыны некеде бола тұра ұзақ уақыт бойы басқа бір қызды аңдып жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Самат Аисов бұл баптың жазасы қылмыстық жаза екенін еске салып, азаматтарға үндеу жасады.