Президент Ақордаға келетін шағымдардың көбін жергілікті биліктің өзі шеше алатынына сенімді

Автор: Темірхан Айжан

Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың өңірдегі биліктен ең қарапайым мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмай отырғаны айтты. Сондықтан барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме жүргізуге тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл – белгілі нәрсе. Десек те, шын мәнінде, мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы мен Жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі», - деді ол.

Президент депутаттарды халық пен билік арасындағы көпір болуға шақырып, олардың тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесу құзыреті толық екенін атап өтті.

«Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр», - деді ол.

Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни, мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс.

Мемлекет басшысы аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы мәслихат депутаттарының қызметіне тікелей байланысты екенін еске салды.