Жігітке көмектесем деген ниетпен қыз несие де рәсімдеген
Павлодарлық қыз әлеуметтік желіден танысқан жігітке сеніп, 6 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бойжеткен Telegram арқылы Жезқазған қаласының тұрғынымен танысқан. 28 жастағы жігіт 70 миллион теңгесі бар шоты бұғатталғаны туралы ойдан шығарылған оқиға айтып, оны қалпына келтіруге көмектесуді сұраған.
irbistv.kz таратқан мәліметке сәйкес, олардың хат алмасуы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Жігіт әңгіме барысында «Webmoney» платформасындағы брокерлік шотында 70 миллион теңге бар екенін, бірақ оның бұғатталып тұрғанын айтқан. Өзін қиын өмірлік жағдайда жүргендей көрсетіп, қыздың жанашырлығын оятқан.
«Telegram мессенджеріндегі хат алмасу кезінде ол қызды әдейі жаңылыстырып, шындыққа жанаспайтын мәлімет берген. Егер қыз оған шын мәнінде жоқ брокерлік шотты бұғаттан шығару үшін ақша берсе, кейін сыйақы ретінде 15 000 000 теңге табыс төлейтінін айтқан», – делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Қыз келісімін беріп, ақшаны біртіндеп аудара бастаған. Тіпті несие де рәсімдеген. Салдарынан 3 сәуір мен 12 маусым аралығында павлодарлық бойжеткен 5 665 280 теңгені беріп қойған.
Іс алаяқтық дерегі бойынша қаралған. Тергеу барысында жігіттің бұл ақшаны бәс тігуге жұмсағаны анықталған. Ал жәбірленуші қазір ай сайын жалпы сомасы 320 мың теңге болатын несиелерін өтеп жүр.
Барлық мән-жайды ескере отырып, Жезқазған тұрғынына 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін амнистия туралы заң қолданылып, түпкілікті жаза 2 жыл 2 айдан сәл аса мерзімге қысқартылған. Үкім шыққанға дейін ол келтірілген шығынның шамамен 800 мың теңгесін өтеген. Қалған соманы да өтеу міндеті жүктелді.