Елу мыңнан астам адамға қауіп төнді: Қазақстанда апатты үйлердің саны көбейген

Автор: Темірхан Айжан

Бір жылда тозған баспана үлесі 7%-ға артқан 

Фото: ЖИ

2025 жылдың қорытындысы бойынша, тозығы жеткен үйлердің саны мен ауданы айтарлықтай өсіп, тұрғындардың өміріне қатер төндіріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ranking деректеріне сәйкес, елдегі апатты үйлер үлесі бір жылда 7%-ға артып, 2,6 мың бірлікті құрады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде апатты нысандар 11,5%-ға өссе, қалалық жерлерде өсім 2,4% -ға жетті.

Апатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 834 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта мұндай үйлерде 50 мыңнан астам адам тұрып жатыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 мың адамға көп.

Қауіпті үйлердің санынан Атырау облысы көш бастап тұр. Мұнда 705 нысан тіркелген, онда 13 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп жатыр. Одан кейін

Ақмола облысында - 270 үй, Батыс Қазақстан облысында -262 үй; Астанада -191 үй, Абай облысы -172 үй тозған.

Сарапшылар Алматы қаласындағы статистикалық деректердің шынайылығына күмән келтіреді. 2020 жылға дейін мегаполисте 1,7 мыңнан астам апатты үй болған, кейін бұл көрсеткіш «нөлге» теңелген. Дегенмен төрт өңірде апатты үйлер санын азайту бойынша ілгерілеушілік байқалады. Олардың қатарында Алматы облысында -30 үй, Қарағанды облысында – 12 үй, Астанада -10,  Солтүстік Қазақстан облысында -7 үй апатты баспана қатарынан шығарылған.