Киберполиция 3000 картаны тәркіледі
Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтарға Қазақстанның SIM-карталарын жеткізіп отырған қылмыстық арнаның жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Киберполиция мұқият операция жүргізген: сол операция барысында алаяқтарды қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерімен қамтамасыз еткен тұлғалар анықталды.
«Бұл нөмірлерден шетелдік алаяқтар қоңырау соғып отырған. Полиция ең алдымен SIM-карталарды жаппай тіркеп, үшінші тұлғаларға WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын беріп отырған ер адамды ұстаған. Осылайша алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларда қолданған», - деп хабарлайды полиция.
Одан кейін полиция аксессуар сататын дүкеннің сатушысын ұстаған.
«Ол клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған. Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір пайдалануға қосылып, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынды», - деп хабарлайды полиция.