Травматология институтының мамандарымен телемедицина арқылы оларға куратор болып тұрған
Бірнеше күн бұрын Ақмола облысы Жақсы ауданының Новокиенка ауылында оқыс оқиға тіркелді: жұмысшы абайсызда трактордың астында қалып, өте ауыр халге ұшыраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жақсы аудандық ауруханасына түскен жұмысшының әрбір минуты қымбат болған. Аудандық дәрігерлер тез арада ішкі қан кетуді тоқтатып, оның бауырын тіккен, өкпесіне дренаж орнатқан. Соның арқасында науқастың жағдайы тұрақтанған.
«Алайда, дәрігерлер бұдан да күрделі кезеңге тап болды: науқастың жамбас сүйегін толық қайта құрастырып шықпаса, оның жағдайы нашарлайтын еді. Әдетте мұндай күрделі операцияларды тек облыстық аурухана немесе республикалық институттар ғана жасайтын еді. Бірақ пациенттің жағдайы шұғыл көмекті қажет етті», - деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Сондықтан, дәрігерлер телемедицина арқылы Травматология институтының мамандарымен байланысқа шығып, консилиум өткізген. Жұмысшыны облыс орталығына немесе Астанаға әкелуге уақыт жоқ болғандықтан, Жақсы ауруханасының дәрігерлері тәуекелге бел буып, телемедицина арқылы кураторлардың көмегімен отаны бастап кеткен.
«Бұл күрделі ота аудан тарихында тұңғыш рет жасалды. Бес маманнан тұратын бригада 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шықты. Бұл жоғары шеберлік пен зор жауапкершілікті талап ететін өте ауыр жұмыс. Сондықтан, бұл дәрігерлер нағыз ғажайып жасады деуге болады. Пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежеде. Ең бастысы – болашақта ол жүріп-тұра алады», - деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Осы ретте министрлік қайғылы жағдайдың алдын алу медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының, заманауи телемедицина технологияларының және аудандық дәрігерлердің ең қиын сәтте жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындығының арқасында мүмкін болды дейді.