«Тіпті Димаштың концертіне деп ақша алған»: Шымкент тұрғыны блогерге сеніп, 38 млн теңгесінен айырылып қалған

Автор: Темірхан Айжан

Оның сөзінше, блогер Қытайға қашып кеткен 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Блогер әйел 38 миллион теңгеге алдап кетті деген Шымкент қаласының тұрғыны Azattyq Rýhy редакциясына хабарласты. Оның сөзінше, Г есімді келіншекпен психологқа барып жүргенде танысқан. Алғашында жылы сөйлескен ол өзін концерт ұйымдастырушы ретінде таныстырып, сеніміне кірген. Кейін концертке инвестор болуды ұсынған.

«Эстрада әншілерінің концерттерін ұйымдастырамын, соған ақша салсаңыз, үстінен пайда көресіз деді. Алғашында 6 млн теңге бердім, оны 8 млн теңге етіп қайтарды. Кейін 10 млн теңге алды, бәрі содан басталды. «Бұл сіздің сақтап отырған ақшаңыз ғой, одан да маған беріңіз, пайдаға жарасын» деді. Мен келістім, одан кейін тағы ақша салдым, ақыры 38 млн теңгеге жетті. Шымкентте, Алматыда 3-4 концерт ұйымдастырды, билет те берді.  Ең алғашқысы Қуандық Рахымның концерті болды, сосын Қайрат Нұртастың, Ернар Айдардың концерті өтті. Үлкен стадионда «Ирина Кайратовна» тобы, әнші Еңлік өнер көрсетті, оған 25 млн теңге бердім. Қаражатты берерде келісімшарт жасастық, нотариуспен куәландырдық. Іс-шарадан кейін екі күн ішінде ақшамды пайызымен қайтаруы керек болған, бірақ түрлі сылтау айта бастады. Жеке кәсіпкерлігіне (ИП – ред.) айыппұл салынғанын, соның құжаттарын реттеп алған соң уәде етілген ақшаны беретін болды, алайда бес тиын да қайтармады. «Ирина Кайратовна» келген концертте Г -ге 98 млн теңге түсті. Мұның бәрі 2024 жылдың жазынан бастап жалғасып келеді», - деді Шымкент тұрғыны Жадыра (лақап атпен жазуды сұрады – ред).

Жадыра бір жылға жуық уақыт бойы Г-ден жауап күткен.

«Ол әуелі концерт ұйымдастырушы болып жүріп, кейін сауда-саттықпен айналысып кетті. Instagram парақшасындағы сипаттамасын да өзгертіп тастады. «Мені біреу 60 млн теңгеге алдап кетті, сізге де қарызымды беруім керек, сол үшін Қытайға саудаға кеттім» деп бір алдады. Алған ақшасын қайтарғанша айына 1 млн теңгеден қосып отыратын айтты. Тек үстінен арыз жазбауымды сұрады. Содан кейін хабарсыз, анда-санда жауап беріп қалады», - деді ол.

Редакция елден миллиондап ақша жинап, табанын жалтыратқан әйелдің шын мәнінде концерт ұйымдастыруға қатысы бар, жоғын анықтамақ мақсатта Шымкент әкімдігіне сауал жолдады.

Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024-2025 жылдары қалада өткен ірі концерттерді ұйымдастырушылар қатарында Г болмаған.

«2025 жылғы 5 наурыз күні «Түркістан сарайының» концерт залында әнші Қуандық Рахымның, ал 9 наурыз күні «Қызғалдақ сарайының» концерт залында әнші Қайрат Нұртастың жеке концерттері өткізілді. Аталған іс-шаралардың ұйымдастырушысы – жеке кәсіпкер «БМ» басшысы Қыдыралиева Багира Жұманқызы екендігін назарыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар, 2025 жылғы 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Астана» алаңында өткізілген мерекелік гала-концертте Қуандық Рахым өнер көрсетті. Аталған іс-шара ашық мемлекеттік конкурс арқылы ұйымдастырылып, конкурс жеңімпазы болып айқындалған «Гранд Тауэр Сервис» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ әкімдік іс-шараларға инвесторлар тартылмағанын да жеткізді.

«Концертті ұйымдастырушылар қатарында көрсетілген Г есімді азаматша бойынша мәлімет анықталған жоқ және аталған іс-шараға инвесторлар тартылмаған», - деді баспасөз қызметінен.

Жадыра 2025 жылдың сәуірінде Г-нің үстінен полицияға арыз түсіреді. Өздігінен адвокат жалдайды, алайда одан мәселе шешілмейді.

«Бір күні маған қоңырау келді. «Г сізге ақша қарыз ба?» деп сұрады, иә деген соң, WhatsApp топқа қосты. Ол жерде Г алдаған 15 шақты адам отыр екен. Бәрі миллиондаған ақшасын берген. Оларды концертке инвестор болуға шақырған болып шықты. Бір келіншекке тіпті Димаштың концертін ұйымдастырамын депті, ол біздің түсімізге де кірмеген дүние ғой. Бұл адамдар да арыз жазған, бірақ полиция қылмыстық құрам жоқ деп істі жауып тастап отыр. Қолымызда дәлел болатын құжаттар, келісімшарт, хаттар бар. Басқа не айғақ керек? Оның алаяқтық жасап отырғанын біз дәлелдеуіміз керек пе? Бір млн теңгеге жалдаған адвокатым де ештеңені шешіп бермеді. Алданғандар саны 15-тен де көп болуы мүмкін. Бір адамдікі 58 млн теңге болған, менікі 38 млн теңге», - дейді ол.

Жадыраның айтуынша, Г- ге елден шығуға тыйым салынған. Алайда оған қарамастан әйел Қытай асып кеткен. Қазір емін-еркін бизнесін жүргізіп отыр.

«Мені тамыздың сегізінде чатқа қосқан еді, сол кезде білуімше, Г бір ай бұрын елден шығып кеткен. Оған негізі Қазақстаннан шығуға тыйым салынған. Қалай жолын тапқанын білмеймін, бірақ ол елден кеткен. Гуанджоудан тауар алып, сатады. Балаларын Өзбекстанда қалдырған. Ай сайын келіп, көрісіп тұрады. Балаларына күтуші жалдайды. Оның бәрі шығын емес пе, бізге «ақшам жоқ» деп түрлі сылтау айтады. Өзінің жеке кәсіпкерлік шоты жабылып қалған, қазір анасының шотын пайдаланып отыр», - дейді Жадыра.

Оның айтуынша, Г әлеуметтік желіде өзі қарыз адамдардың қорқытып жатқанын айтып, жала жауып отыр екен.

«Балаларыммен қорқытып жатыр деп, өтірік жылап шығады желіге. Оның отбасында ешкімнің шаруасы жоқ. Тек алған қарызды қайтарса дейміз. Чаттағы қыздарға «сенімен о дүниеде есептесем», «білгеніңді қыл» деп аузына келген жаман сөздерді айтады екен. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді ғой, инвестор болып, табысын аз болса да көбейткісі келген кейбір жандар Г-ге банктен несие алып берген. Соны өтей алмай, күйзеліске түсіп кеткендер бар, банктің «қара тізіміне» ілініп кеткен. Екі-үш отбасы ажырасуға дейін барған. Өзім чаттағылардың ішінде жасы үлкені болған соң, жас келіншектерді сабырға шақыруға тырысамын. Мен Г-ге балама пәтер алып беремін деп жинап отырған ақшамды сеніп тапсырдым», - дейді ол.

Жадыра әділдік іздеп қақпаған есігіміз, аттамаған табалдырығымыз қалмады деп отыр. Оның құқық органдарына екі сұрағы бар, неліктен қолдағы айғақтарға қарамастан Г-ге тексеріс жүргізілмейді, екіншіден, тыйымға қарамастан шетелге шығып кетті?

Бұл сұрақтарды редакция тиісті мекемелерге жолдады. Шымкент қаласы Қаратау ауданы Полиция басқармасы осы факті бойынша 2025 жылғы 15 желтоқсанда бірнеше адамнан арыз түскенін растады.

«Бұл факті Шымкент қаласы Қаратау ауданы Полиция басқармасының ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Сол күні аталған арызда көрсетілген мән-жайларда азаматтық-құқықтық қатынастар орын алуына орай, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері болмауына байланысты қараусыз қалдырылды», - делінген жауапта.