Қырғызстан президенті өзін қорғайтын күштік құрылым құрды

Автор: Темірхан Айжан

Ол бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын аяқ астынан қызметтен босатқан 

Фото: eltr.kg

Садыр Жапаров өзіне тікелей бағынатын жаңа күштік құрылым құрды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

24.kg басылымының жазуынша, президент Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік күзет жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитетінің 9-қызметі негізінде Президент жанындағы Мемлекеттік күзет қызметі құрылады.

Жарлық бойынша, Мемлекеттік күзет қызметі тікелей Президентке бағынады және оған есеп береді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіне жатқызылады. Өз құзыретінде қызмет күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады.

Мемлекеттік күзет қызметінің төрағасын президент тағайындайды және қызметтен босатады. Оның орынбасарларын да төрағаның ұсынысымен президент тағайындап, қызметтен босатады. Қызмет туралы ережені, оның құрылымын және штаттың санын президент бекітеді.

Бұған дейін, Садыр Жапаров өзінің ең жақын серігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевті аяқ астынан қызметінен босатқан. Ташиев хабарды Германиядағы ауруханада жатып естіген, ол қатты таңғалғанын жеткізген.