$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.07.2020, 15:59
Оқиғалар

Ақмола облысында 49 жастағы ер адам суға батып кетті

Қайғылы оқиға 8 шілде күні кешкі сағат жетілер шамасында болған

Ақмола облысында 49 жастағы ер адам суға батып кетті

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының шетінде орналасқан жасанды су қоймасына шомылған 49 жастағы ер адам суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол жабдықталмаған және тыйым салынған жерде шомылған.

«Бұланды аудандық төтенше жағдайлар бөліміне Макинск қаласына таман орналасқан жасанды су қоймасында ер адамның батып кеткені жайлы телефон хабарламасы түсті. Оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері жіберілген. Өкінішке қарай, қайғылы оқиғаның рас екендігі анықталды. Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары бөлімінің 5 құтқарушысы, 1 жүзгіш құрал мен 1 техника жұмылдырылды. 49 жасқа келген ер адамның не себепті батып кеткені әзірге белгісіз», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Манарбек Шапағатов.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, аталған жасанды су қоймасы суға шомылуға арнайы жабдықталмаған. Сонымен қатар, Макинск қаласына таяу орналасқан теміржол маңында суға түсуге тыйым салатын екі белгі де орнатылыпты. Су қоймасының тереңдігі үш метрден асатыны белгілі болды.

Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысында жыл басынан бері су қоймаларында сегіз адам суға кетіп, 20 адамды ТЖД қызметкерлері құтқарып қалды.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары