Лондонда тұратын жігіт сүйіктісін Трамптың ұлынан қызғанып, соққыға жыққан

Автор: Темірхан Айжан

Ол ресейлік азамат болып шықты 

Фото: Metropolitan Police/getty images

Лондонда ресейлік жігіт сүйіктісін Дональд Трамптың кіші ұлынан қызғанып, ұрып-соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Снэрсбрук ауданындағы Корольдік соттың мәліметінше, 2025 жылы 18 қаңтарға қараған түні 19 жастағы Бэррон Трамп Лондон полициясына хабарласқан. Ол өзінің таныс қызының таяқ жеп жатқанын айтқан. Полиция оған қосымша сұрақтар қойған кезде, оқиғаны толығырақ баяндаған.

Бэррон Трамптың айтуынша, ол қызға видеоқоңырау шалған кезде телефонды жартылай жалаңаш, қара шашты жігіт алады. Сосын камераны бойжеткенге қарай бұрған, ол жылап отырған. Осының бәрі 5-7 минуттай созылған. Жігіт телефонды басып тастаған. Трамптың ұлы қыздың соққы көргенін бірден түсініп, полицияға хабар берген.

18 қаңтар таңға жуық жәбірленушінің өзі де полиция шақырған. Ресейлік азамат ұсталған.

Прокурордың сөзінше, 17 қаңтардың кешінде 22 жастағы ресейлік азамат Матвей Румянцев пен жәбірленуші келесі күннің таңына дейін алкогольді ішімдік ішкен. Айыпталушы 18 қаңтарда әйелге шабуыл жасаған, бірнеше ұрып-соққан, оның ішінде бетінен ұрған. Жігіт қызды Трамптың ұлынан қызғанған.

«Оның оған (Трамптың ұлына) ашықтан-ашық қылмыңдағаны мазамды кетірді. Иә, мен шамалы қызғандым», - деді айыпталушы сотта.

АҚШ президентінің ұлы қызбен әлеуметтік желіде танысқанын айтқан. Жәбірленушінің жеке басы туралы ақпарат жабық, ол Бэррон Трамптың арқасында тірі қалғанын жеткізген.

Сот үкімі 27 наурызда шығады.