Көкшетауда үш елікті заңсыз атқан адам 6 жылға сотталып кетті

Автор: Бақыт Шынар

Оның екі сыбайласының әрқайсысы 2,8 жылға сотталды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Ақмола облысындағы «Көкшетау» ұлттық саябағында үш елікті заңсыз атқан браконьерлер сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысының прокуратурасы хабарлағандай, сотқа алқабилер де қатысқан.

«Үш азамат «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінің Зеренді филиалының қорғау аймағында үш елікті заңсыз атып, табиғатқа елеулі зиян келтірген. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды», - деп хабарлайды прокуратура.

Үш азамат кінәсін мойындаудан бас тартқан көрінеді, бірақ, Зеренді ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы сотта браконьерлердің кінәсін дәлелдеген.

«Сот қылмысты ұйымдастырған адамды алты жылға, екі сыбайласының әрқайсысын 2 жыл 8 айға соттады. Олар мініп, қылмыс жасаған көлік мемлекет пайдасына тәркіленген», - деп хабарлайды прокуратура.