Полиция оны алаяқтық жасады деген күдікпен қолға түсірді
Ақтөбе қаласындағы Орталық базардың бірнеше сатушысы полицияға арызданып, алданып қалғандарын айтты. Олардан тауар сатып алған келіншек жалған ақша ұстатып кеткен екен, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Қостанай облысының 48 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Жеке тінту кезінде күдіктіден номиналы бес және он мың теңгелік сувенирлік купюралардың бір бумасы тәркіленді. Анықталғандай, күдікті сатушылардың аязда тоңып тұрғанын пайдаланып, тауар үшін жалған ақшасын берген. Ақшаны тексермеген сатушылар оған шын ақшамен ақша қайтарып берген», - деп хабарлайды полиция.
Қазір әйелге қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктінің төрт алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Сондай-ақ оның Ақтөбе қаласы аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар ма екен, тексеріліп жатыр. Күдікті қазір тергеу изоляторында отыр.