«Анасы қарап отырған»: Астана полициясы жас келіншектің үйінен қорап-қорап есірткі тапты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Тінту кезінде жалпы салмағы 4 келі есірткі табылған

Фото: скриншот

Астана полициясы есірткі құралдарын заңсыз сатып жүр деген күдікпен 35 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол тыйым салынған заттарды анонимді мессенджерлер арқылы таратқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 4 келіні құрады және толықтай алынды. Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлайды Астана полициясы.

Жалпы, жас келіншектің үйін тінту кезінде оның ас үйі мен балконынан ерекше иісі бар, каннабис шайырына ұқсас сұйық консистенциядағы заты бар екі пластик ыдыс табылды. Сондай-ақ ерекше иісі бар, гашиш майына ұқсас сұйық зат құйылған 200-ден астам флакон, сондай-ақ ерекше иісі бар, қою қоңыр түсті түйіршікті зат — марихуана салынған полиэтилен пакет тәркіленді. Бұдан бөлек, пәтерден электронды таразылар мен есірткіні бөлшектеп орауға арналған бос ыдыстар анықталды.