Оқиға орнынан газ баллондары шығарылды
Елорданың Байқоңыр ауданында ірі өрт шығып, құтқарушылар жарылыс қаупінің алдын алды. Ж. Аймауытов көшесінде орналасқан екі қабатты коттеджде басталған өрт көршілес ғимаратқа да жайылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына жеткенде, екі қабатты тұрғын үйдің ішіндегі жиһаздар мен төбе жабындылары ашық отпен жанып жатқаны анықталды. Тілсіз жау тек үйді ғана емес, іргелес жатқан нысанды да шарпыған.
От тұрғын үйден бөлек, жақын орналасқан жиһаз цехының сыртқы қаптамасына өткен.
Өрт сөндірушілер жанып жатқан бөлмеден бірнеше газ баллонын алып шықты. Бұл әрекет зор қуатты жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берді.
Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекшісі Әділхан Болатовтың айтуынша, құтқарушылардың жедел әрекеті оттың басқа ғимараттарға таралуын тоқтатқан.
«Өрт 70 шаршы метр аумақта толықтай жойылды. Мамандардың кәсіби жұмысының арқасында жақын маңдағы нысандарды аман алып қалу мүмкін болды», — деп атап өтті ведомство өкілі.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтау үшін тиісті сараптамалар жүргізіп жатыр.
ТЖМ өкілдері азаматтарға тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және өрт қаупі бар заттарды ашық оттан алшақ ұстауды ескертеді.