Қарағандыда дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатпақ болған тұрғын анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бірнеше қорап дәрілік препараттарды заңсыз жолмен сатпақ болған

Фото: ашық дереккөзден

Қаржы мониторинг комитеті COVID-19 пандемиясы тұсында ел аумағында дәрі-дәрмектерді заңсыз жолмен қымбат бағаға сату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осылайша, комитеттің Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Қарағанды қаласы тұрғынының төмендегі дәрілік заттарды рұқсат етілген құжаттарсыз заңсыз жолмен сатпақ болғанын анықтады:

  • 1) 42 қорап «ЦЕФ-III», 1 данасы 1800 теңге;
  • 2) 5 қорап «Зитмак-500», 1 қорабы 4 300 теңге; 
  • 3) 9 қорап «Лидокаин», 1 қорабы 1 000 теңге.

Оған қоса, күдіктіге тиесілі автокөлікті тінту барысында 67 қорап «ЦЕФ-III» анықталып, тәркіленген. Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты пікір білдірген.

«Азаматтардың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады», - деп жазды Мемлекет басшысы.