Басқа айыптары әлі зерттеліп жатыр
Сеул соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльді 2024 жылы елде әскери жағдай жариялау әрекеті мен құқық қорғау органдарының оны қамауға алуына кедергі жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, сот Юнды осы іс бойынша барлық негізгі айыптарда кінәлі деп таныды. Бұрынғы президенттің адвокаттары үкімге шағымданатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, әскери жағдай жариялау арқылы «бүлік ұйымдастырды» деген айып бойынша бөлек іс қаралып жатыр. Осы аптада арнайы прокурорлар бұл іс аясында өлім жазасын тағайындауды талап етті. Сот шешімі 19 ақпанда шығарылады.
Жалпы, бұрынғы президент әскери жағдай енгізуге әрекеттену, жұбайына қатысты болжамды сыбайлас жемқорлық және 2023 жылы теңіз жаяу әскерінің қаза табуына байланысты айыптарды қосқанда сегіз іс бойынша сот алдында жауап беріп отыр.
Еске салсақ, Юн Сок Ёль 2024 жылдың желтоқсанында елде әскери төтенше жағдай жариялауға әрекеттенді деген айыппен импичментке ұшыраған болатын. Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты бұл шешімді 2025 жылғы 4 сәуірде ресми түрде мақұлдады. 2025 жылдың қаңтарында ол қызметінде жүргенде қамауға алынып, наурызда бостандыққа шыққан. Алайда тергеуге кедергі келтіру қаупіне байланысты Юн Сок Ёль екінші рет қамауға алынды.