Ол жалғыз қалғанын сезіп, көшеде еңіреп жылап тұрған
Елордада анасы мен қарындасынан көз жазып қалған тоғыз жасар бала автобустарды шатастырып, бейтаныс аймаққа кетіп қалған. Жалғыз қалғанын сезіп, көшеде еңіреп жылап тұрған баланы полиция қызметкері байқап қалып, көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қаланың қарбалас сәттерінің бірінде болған. Мәліметтерге қарағанда, бала анасы мен қарындасына еріп жүріп, байқаусызда олардан қалып қойған. Кейін қорыққанынан кез келген автобусқа мініп, мүлдем басқа бағытқа кеткен.
Бала қателескенін білген соң жақын маңдағы аялдамадан түсіп қалған. Алайда үйіне қалай қайтарын білмей, қатты қорыққан.
Сол маңда жүрген полиция қызметкері Ғафиз Сүгірәлиев жалғыз қалған баланы бірден байқап, оны сабырға шақырған.
Полиция қызметкері баламен тіл табысып, оның тұратын мекенжайын және ата-анасының байланыс нөмірін анықтады.
«Полиция қызметкері баланы тыныштандырып, анасымен хабарласты. Қауіпсіздік мақсатында ол баланы үйіне дейін өзі жеткізіп, анасына табыстады. Әйел тәртіп сақшысына кәсібилігі мен жедел көмегі үшін шексіз алғысын білдірді», — делінген полиция хабарламасында.