Ақтауда пойызбен соқтығысқан көлік жүргізушісі жарақат алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол ауруханаға жеткізілді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Теміржол өткеліндегі жол апаты

2 қаңтар күні таңертең Ақтаудағы «Гелиос» жанармай бекеті маңындағы теміржол өткелінде жеңіл автокөлік пен тепловоз соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet маркалы автокөлікті басқарған әйел жүргізуші жақындап келе жатқан пойызды байқамай қалған.

Салдарынан көлік теміржол құрамымен соқтығысып, жол апаты болды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері дереу жеткен.

Полиция не дейді?

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жеңіл автокөлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша қозғалды. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, денсаулыққа зиян келтіру және мүлікке залал келтіру дерегін қамтиды.

Құқық қорғау органдары теміржол өткелдерінен өткен кезде аса мұқият болу қажеттігін еске салды.

Зардап шеккен жүргізушінің жағдайы

Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың мәліметінше, жол апатынан зардап шеккен әйел білек сүйегін сындырған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Өміріне қауіп жоқ.