Қостанайлық мұғалім әріптестерінің видеосын пайдаланып, олардың атына 3,6 млн теңге несие алған

Автор: Бақыт Шынар

Сот оны шартты түрде соттады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қостанай қаласының №2 соты әріптестерін алдап, олардың видеосы арқылы микроқаржы ұйымдарынан 3,6 млн теңге алған мұғалімге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың мәліметіне сүйенсек, сотталып отырған әйел 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың наурызына дейін мұғалім әрі мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы бола тұра, қызметкерлердің дербес деректерін иемденіп алған. Әріптестерін «кәсіподақтың көмегін алу үшін видео-верификация жасау керек» деп алдаған.

«Құқыққа қайшы ниеттерін білмеген мектеп қызметкерлері оған сеніп, кәсіподақ көмегін алу рәсімінен өтіп жатырмыз деп ойлап, бейне-верификациядан өткен. Мұғалімдердің атына алынған несиелер алаяқ әріптестерінің шотына түсіп тұрған. Жалпы, ол өзгелердің атына 3,6 млн теңге несие рәсімдеген», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Прокурор алаяқтыққа барған әйелді 4 жылға соттауды сұраған. Сот мұғалімнің кінәсін мойындағанын ескеріп, оны шартты түрде 3,6 жылға соттаған. Рақымшылыққа ілінген мұғалімнің жазасы 2 жыл 9 айға дейін қысқарды.