Талдықорған тұрғыны желідегі жарнамаға сенемін деп 13 млн теңгесінен айырылып қалған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Абырой болғанда, полиция оның ақшасын қайтарып берген

Фото: polisia.kz

Талдықорған тұрғыны желідегі инвестиция туралы жарнамаға сенемін деп 13 млн теңгесін дропперлерге аударып жіберген. Ақшасын инвестицияға «құйып», пайда таппақ болған азамат уақыт өте алданғанын түсінген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сондықтан, дереу полицияға арыз жазып, алаяқтықтың құрбаны болғанын айтқан.

«Әлеуметтік желіні қарап отырғанда Қазақстанға танымал компаниялардың бірінің бағалы қағаздарға инвестиция салу туралы тартымды жарнамасын көріп қалған. Жарнама сенімді көрініп, күмән тудырмаған. Сілтеме арқылы өтіп, сайтқа тіркелгеннен кейін ер адаммен өзін компанияның «менеджерлері» ретінде таныстырған адамдар байланысқа шыққан. Психологиялық тәсілдерді пайдаланып, жоғары табыс уәде еткен алаяқтар жәбірленушіні ірі көлемде — 13 миллион теңге инвестициялауға көндірген. Алайда пайда түспеген. Біраз уақыт өткен соң ғана ер адам мұқият ойластырылған алаяқтық сызбаның құрбаны болғанын түсінген», - деп хабарлайды полиция.

Талдықорған қаласының полиция басқармасындағы киберқылмыстарды тергеу жөніндегі тергеу бөлімінің тергеушілері тез арада дропперлерді тауып, тұрғынға ақшасын қайтарып берген.