Төсек-орындар коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналады
Нұр-Сұлтандағы бұрынғы «Рамада-Плаза» қонақ үйінің ғимаратынан коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу үшін қосымша 500 төсек-орын ашылады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.
«Медициналық мекемелер мен басқа да ғимараттар базасында Covid-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге арналған қосымша төсек-орындар санын арттырамыз. Рамада Плаза ғимаратында 500 төсек-орын ашылады. Бүгінде 250 орын ашылды», - деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Көлгіновтің хабарлауынша, өткен аптада елордада 800-ден астам төсек-орын пайда болған. Оның ішінде, 600 орындық №1 көпсалалы қалалық аурухана толығымен жұқпалы аурулар стационарына айналған. «Сонымен бірге ұлттық ғылыми медициналық орталық, Қорғаныс министрлігінің госпиталі және ҰОС клиникалық госпиталі базасында төсек-орындар құрылды. Өкпені жасанды желдету аппараттарын, компьютерлік томография, оттегі концентраторларын, ПТР-тестілерді, дәрі-дәрмектерді және т. б. сатып алу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - деп хабарлап отыр Көлгінов.