Теміртауда дүкенге шыққан әйел құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды

Автор: Алмас Ерсін

Анасы дүкенге кеткен кезде балалар есікті құлыптап қойған

Фото: видеодан скриншот

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары пәтерде қамалып қалған балаларды босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы жедел қызметтің 112 пультіне Б. Момышұлы көшесінде балалар пәтерде қамалып қалғаны туралы хабарлама түсті. Анасы дүкенге кеткен кезде балалар есікті өз бетінше аша алмай, пәтерде қалып қойған», - деп жазылған хабарламада.

ТЖМ қызметкерлері автосатының көмегімен 5-қабатқа көтеріліп, терезе арқылы пәтерге кіріп, есікті ішінен ашты. Пәтерде 2022 жылы және 2023 жылы туған балалар болды. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

ТЖМ балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Еске сала кетейік, дәл осындай жағдай Көкшетау қаласында да болған еді. Пәтерде ересектердің қарауынсыз қалған 3 жасар бала есікті ішінен жауып алған. Құтқарушылар альпинистік жабдықтың көмегімен жоғарғы қабаттардан түсіп, үшінші қабаттағы пәтердің терезесіне кіріп, есікті ашып, баланы ата-анасына аман-есен табыстады.