Айыпталушы сотта көз жасына ерік берді
Стоматология кабинетінде қайтыс болған қызға анестезиолог 40 минут бойы реанимация жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбада көрсетілгендей, баланың өлі денесін көрген әке-шеше айғайлап, жылап жіберген.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, сағат 14:23-де өлім тіркелген. Сағат 15:05-те барлық реанимациялық шаралар аяқталған», - деді зардап шеккендердің өкілі Руслан Айтжанов сот отырысында.
Сонымен бірге, мемлекеттік айыптаушы жүрек-өкпе реанимациясы жүргізіліп жатқан кезде сотталушы мен жедел жәрдем бригадасының алаңсыз сөйлесіп тұрғандарына назар аударды.
«Мен соңына дейін реанимациялық шараларды жасадым, бұл ісім қате емес шығар. Неге оны теріс қырынан қарап отырсыздар? Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым», -деді көз жасын тия алмаған сотталушы.
Еске салайық, елордалық әке стоматологияға кішкентай қызының тісін емдетуге апарып, өлі денесін алып шыққан. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы анестезиямен баланың 18 тісін емдемек болған. Марқұм қыздың әкесі мен отбасының адвокаты «медициналық стандарттар сақталса мұндай трагедия болмас еді» дейді.
Прокурор Еркебұлан Шалқаровтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру кезінде клиникада анестезияға дайындау, кабинеттерді жабдықтау және медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Шұғыл көмекке арналған қажетті құралдардың жеткіліксіз болған.