Ақтауда жаңа теңіз порты салынады

Автор: Нұргүл Абай

Инвестициялық жобаның құны – 300 млн доллар

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және транзит әлеуетін нығайту мақсатында Ақтау қаласында жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, стратегиялық серіктес – қытайлық «Чжонъюн Интернешнл» компаниялар тобы. Инвестициялық жобаның құны 300 млн долларға бағаланып отыр.

«Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қилыбай Үкімет отырысында.

Инвестор компанияны өңірде тіркеп қойған, енді инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттарды дайындап жатыр.