Барлық хаб бойынша инвестициялық жобалар анықталды
Қазақстан шекара маңындағы 5 ірі көлік-логистика және сауда хабын дамытып жатыр. Еліміз трансшекаралық хабтар арқылы тауар өткізу жолдарын кеңейтуді, өндірісті дамытуды және экспортты көбейтуді көздейді. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір 2030 жылға дейінгі көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында 5 трансшекаралық хабты қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгінде барлық, 5 трансшекаралық хаб бойынша:
Мәселен, Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мәртебесі берілген. Құрылыс екі кезеңмен жүзеге асып жатыр. Бірінші кезеңнің барлық жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталады.
«Поли-винил-хлорид өнімдерін, тамшылатып суару жүйелерін өндіру, мақта, күріш, дәнді-дақылдар мен майлы дақылдарды қайта өңдеу бағыттары бойынша жеті инвестициялық жоба айқындалды. Сонымен бірге орталық аумағында индустриялық парк салу жоспарда бар. 185,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 150 жұмыс орны ашылады. Орталықты толық іске қосу 2026 жылға жоспарланған», - деді Шаққалиев Үкімет отырысында.
Ал «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әуежайының маңында орналасқан. Басқарушы компания – «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
«Облыс әкімдігі жалпы құны шамамен 140 миллиард теңге болатын құрылыс материалдары, жиһаз, шыны, мұнай-газ жабдықтары, пластмасса бұйымдары, сондай-ақ катализаторларды қайта өңдеу бағыттарындағы 16 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», - деді министр.
Сондай-ақ, Қорғас торабы арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие. Оның құрамына «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы арнайы экономикалық аймағы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы кіреді. Мұнда Қытаймен өткізу қабілетін арттыру үшін SkyHansa халықаралық әуежайы және жаңа логистикалық кешендер салынуда.
Министрдің айтуынша, Каспий торабы аясында екі ірі жоба іске асып жатыр: Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб және Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы.
«Екі жоба да «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енген. Контейнерлік хаб үшін 19 гектар жер телімі бөлінді. Бұл «Ляньюньган Құрлықтық терминалы» компаниясымен бірлескен жоба. Инвестиция көлемі – 47,6 миллиард теңге. Хабтың алғашқы іске қосу кешені шілде айында пайдалануға берілді. Екінші кешеннің құрылысы 95 пайыз орындалып, жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар», - деді Шаққалиев.
Сонымен қатар, астық, әмбебап жүк, химиялық өнімдер терминалдары мен көлік-логистика орталығының құрылысы жалғасуда.
Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамдас бөлігіндегі Индустриялық сауда логистика кешені «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пункттерінің жанында орналасқан. 385,2 миллион долларды құрайтын 18 жобадан тұратын инвестициялық пул жасақталды. Бұл жобалар құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және медицина салаларын қамтиды. Үш жарым мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Жамбыл облысының әкімдігі кешен аумағын 50 гектардан 150 гектарға дейін кеңейту жұмыстарын аяқтаған соң, кешен арнайы экономикалық аймаққа айналады. Жобаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
«Трансшекаралық хабтар шекара маңындағы сауда процестерін тездетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдай жасайды», - деп мәлімдеді ведомство басшысы.