Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі үйдің бағасына және қарыз сомасына байланысты анықталады
Қазақстанда ипотеканың ставкалары жаңа әдістеме бойынша есептеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, қарыз сомасының тұрғын үй құнына қатынасына қарай ипотека бойынша ставкаларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейді», - деді ол Үкімет отырысында.
Яғни ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі үйдің бағасына және қарыз сомасына байланысты анықталады.
Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты нарықтық деректер негізінде шекті жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу әдістемесі қайта қаралады.
Бұдан бөлек, Әбілқасымова тұтынушылық кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту үшін 2026 жылы жиынтық борыштың жылдық кіріске қатысты коэффициенті іске қосылып, оның нормативтік мәні белгіленетінін атап өтті. Сондай-ақ борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу қатаңдатылады.