«Тездетіңіздер»: Бектенов жаңа көлік министрін неге асықтырды
Қазақстанда жыл соңына дейін 100 вокзал жөнделу керек

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов көлік министрлігіне теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрады. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл жүз вокзалда жаңғырту жұмыстары аяқталады.
«Сіздің тапсырмаңызбен жұмыс басталды. Осы жылы 100 вокзалдың жұмысын бітіреміз. Қалған вокзалдарды 2026 жылдары аяқтаймыз», - деп жауап берді Сауранбаев.
«Тездетіңіздер», - деп тапсырды Бектенов.
Министрліктің мәліметінше, мердігерлер теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына кіріскен, жобаларды жүзеге асыру бекітілген нормативтік-техникалық мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Жаңғырту вокзал кешендерінің негізгі элементтерін, соның ішінде қасбеттерді, шатырды, үй-жайларды, инженерлік желілерді, жолаушылар залдары мен платформаларды қамтиды. Қазіргі заманғы қауіпсіздік, навигация және жарықтандыру жүйелерін орнату, сондай-ақ мобильділігі төмен жолаушылар үшін жағдай жасау көзделген.
Биыл наурыз айында сол кездегі көлік министрі Марат Қарабаев биыл еліміз бойынша 78 теміржол вокзалында жөндеу жұмысы басталатынын, «Қазақстан темір жолы» компаниясы жөндеуге халықаралық ұйымнан қарыз алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.