Қазақстанда қырық мыңға жуық адам тұратын 53 ауыл алғаш рет ауыз су жүйесіне қосылады

Автор: Нұргүл Абай

Тағы 468 елді мекенде сумен жабдықтау сапасы жақсарады

Фото: istockphoto.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл 10 өңірде топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жобаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар - Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Осы 31 жобаны толық іске асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар, 53 елді мекенге (38 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз су жүйесі алғаш рет қосылатын болады», - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері шамамен 250 км су құбыры желілері салынған. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1 542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауыз су жүйесі қосылады.

Сонымен қатар, Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын қайта жаңарту бойынша 6 жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, дейді Нұржігітов. Айтуынша, 102 шақырым су құбыры қайта жаңартылып, 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасы жақсарады.