Кеңеске 229 бизнесмен қатысты
Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанның барлық өңіріндегі бизнес өкілдерімен селекторлық кеңестер өткізді. Онда іскерлік белсенділікті қалпына келтіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
«Кәсіпкерлер Үкімет басшысына ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, білім беру, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бизнестің өзекті мәселелері туралы айтып берді. Бизнес-қауымдастықтың субсидиялар алу, жеңілдікті несие беру және ағымдағы қарыздарды қайта құрылымдау, несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі, тариф белгілеу, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларына отандық тауар өндірушілердің қатысуын одан әрі арттыру, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін қайта қарау мәселелеріне қатысты ұсыныстары қаралды», - деп жазылған хабарламада.
Кеңеске барлық өңірден 229 бизнесмен қатысты, 40-тан астам адам баяндама жасады. Үкімет басшысы бейінді министрліктер мен өңірлердің әкімдіктеріне бизнестің өзекті мәселелерін қарауды және оларды шешу бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі мәселелерін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.
«Үкіметтің міндеті - іскерлік белсенділікті қалпфна келтіру үшін барлық қажетті жағдайды жасау. Біз бизнестің дағдарысқа дейінгі деңгейіне тезірек қайта келуі үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз керек», - деді Асқар Мамин.