Ірі кәсіпорындар өз айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруы керек
Елішілік құндылық бағдарламаларын қабылдамайтын ірі кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Барлық ірі кәсіпорын өздерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құра отырып, елішілік құндылық бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауы қажет. Егер кәсіпорындар мұндай бағдарламаларды қабылдамайтын болса, оларға ешқандай мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Бағдарлама отандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оларды локализациялау есебінен өндірістерді кеңейтуге және жаңа өндірістерді құруға ынталандырады», - деді Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол ел ішіндегі өндірістік тізбектерді кеңейте отырып, отандық компаниялардың арасындағы кооперацияны дамытуға жағдай жасау керек екенін айтты. Кәсіпорындардың өзара тиімді іс-қимылының арқасында ғана ел ішінде толыққанды өндірістік цикл құруға болады. Нәтижесінде импорт пен өндірістік шығын көлемі азайып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен оларға деген сұраныс артады.
«Елішілік құндылықты дамыту дегеніміз жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру дегенді білдіреді. Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді», - деді Үкімет басшысы.
Бектенов мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатқанын айтты.
«Адал өндірушілер оған автоматты түрде қосылады. Ал «жалған өндірушілер» тізілімге ене алмайды. Жаңадан өтініш бергендер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерістерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді», - деді премьер.
Оның айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алғанда осы реестрге енген өндірушілерге басымдық береді.
Бектенов 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды тапсырды.