Үкімет басшысы әкімдерге шүйлікті
Маңғыстау облысында «МАЭК-тің» турбинасын жөндеу жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілсе, тағы бірнеше өңірде жылу қазандықтарын жөндеу жұмысы әлі басталмаған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьердің айтуынша, президенттің тапсырмасымен ең алдымен 19 жылу орталығы жаңғыртылған. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциясы мен желілерді жөндеу жалғасады.
«Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал, ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмысын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет. Жөндеу науқанының белсенді кезеңі енді басталып жатыр, сондықтан алдағы жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады», - деп атап өтті Бектенов Үкімет отырысында.
Ол мамыр айында Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін үкімет резервінен 25 миллиард теңге бөлгенін айтты.
«Үкімет осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайды. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың уақытын кешіктіру қаупі байқалып отыр. Мәселен, Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмысы әлі басталған жоқ. Маңғыстау облысында «МАЭК-тің» 2-ші Жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу қарқыны да тым баяу», - дейді премьер.
Бектеновтің айтуынша, мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді.
«Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті», - деген ол шенеуніктерге тиісті тапсырмалар берді.