Біз АҚШ, Аустралия сияқты бола аламыз – Асқар Мамин

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет басшысы елдегі ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жайлы айтты

фото: Батыржан Беспаев

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті туралы айтты.

«БҰҰ жанындағы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіп кешені саласындағы әлеуеті жоғары АҚШ, Аустралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуға мүмкіндігі бар. Бұл орындалатын міндет екенін атап өтемін. Мысалы, Түркістанда ауыл шаруашылығын алдағы 4 жылда 3 есе ұлғайту бойынша жоспар бар», - деді Үкімет басшысы.

Мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару технологияларын қолдану арқылы суарылатын учаскелерді кеңейтуге, сонымен қатар алынатын өнім көлемін арттыруға ерекше назар аударылмақ.

«Көктемгі егіс жұмыстарын қаржылай және материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы екі еседен астам ұлғайды. Бұл өсімдік шаруашылығында жалпы өнім шығаруды 3,1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаровтың сөзінше, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда. Бұл – былтырғыдан 238 мың гектарға көп.

«Осылайша, ағымдағы жылы майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың гектарға, көкөніс дақылдары - 10 мың гектарға, бақша дақылдары - 1,5 мың гектарға, картоп - 7,8 мың гектарға, азықтық дақылдардың - 308,6 мың гектарға, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғаяды», - деп айтты ол баяндамасында.

Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ақпан-маусым айлары үшін 395 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ол 160 теңгеден сатылып жатыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан