Әкім шағын жер телімдерінен израильдік технологиямен жылына 2-3 рет пайдалануды жоспарлайды
Бүгін Үкімет отырысы көктемгі егістік жұмыстарына арналды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл бұрынғыдан 238 мың гектарға артық (22,5 млн гектар) дақыл егу жоспары бар екенін айтты.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өнімділікті арттыру үшін өңірде үш бағытта жұмыс атқарылып жатқанын баяндады. Біріншісі – ұсақ шаруаларды кооперативке біріктіру арқылы жаңа технологияларды енгізу.
«Қазір Түркістан төңірегінде жаңбырлатып суаруды қолға алып отырмыз. Мақсатымыз – 11 мың гектарға сол технологияны енгізіп, шаруаларды біріктіру. Үш кооператив біріктірілді. «Түркістан агро 21» кооперативіне 733 гектар жерге 107 шаруа қосылып, жаңбырлатуды қолданып жатыр. Өте жақсы нәтиже бар, күздік бидай 60 центнер бар. Екі аптаның ішінде оның орнына жүгері егу басталады. Сол жерге итальяндық технологиямен сүт-тауар фермасын құрмақпыз. Соның қасында 650 гектар жерге «Сауран» деген кооператив бірікті. Ол жерде аустриялық технологиямен 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылуда», - деді Ө.Шөкеев.
Аймақ басшысының айтуынша, тағы бір кооперативке Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, кәсіпкер Сергей Терещенконың күркетауық өсіретін кәсіпорны да қосылады.
«Үшінші кооператив – «Ынтымақ агроға» 782 гектарға жер біріктірілді. Өздеріңіз білетін Сергей Александрович Терещенконың күркетауық өсіретін компаниясы осы жерге тауық етін өндіретін кәсіпорын салып, күркетауықтарды азықпен қамтуға кірісіп жатыр. Тағы да 11 мың гектар жерге 10-15 кооператив құру жұспарымыз бар. Бұл Түркістан облысының микроклиматын жақсартады деп ойлаймыз», - деді ол.
Ал кооперативке бірікпейтін 1-3 гектарлық шағын егістік алқаптарына 2-3 рет өнім алуға болатын технология енгізілмек.
«Айталық, ақпанның 3-ші онкүндігінде егілсе, мамырдың 3-ші онкүндігінде өнім алуға болады. Шығыны 1 млн 300 мың теңге болса, өнім 4 млн теңге болады. Таза табыс 3 млн 700 теңге. Екінші өнім – мамырда егілгенді тамызда жинауға болады. Шығын 600-700 мың теңге, табыс 1 млн 300 мың теңге. Үшінші өнімді тамызда егіп, қазанда алуға болады. Шығын – 1 млн, табыс - 2 млн 700 мың. Қысқасы, 1 гектардан 6 млн 220 мың табыс табуға болады», - деді Ө.Шөкеев.
Одан бөлек, үй іргесіндегі 10 соттық жерлерге израильдік технология қолданылмақ.
«Шығыны 462 мың теңге болса, табысы 850 мың теңге болады. Осы үш бағытта жұмыс істесек, еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттыруға болады. Өткенде Үкіметтік делегация барғанда, өздеріңіз көрдіңіздер. Мұның бәрі «реальный» жасалып жатқан шаруалар», - деп түйді әкім сөзін.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан