Кірістер жоспары 90 пайызға ғана орындалған
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке жоспарланған 21 трлн теңге кірістің 19 триллионы ғана түскен. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет отырысында Біржанов қаржы жылының 11 айдағы қорытындылары туралы баяндады.
«Мемлекеттік бюджетке (трансферттерді есептемегенде) 19 трлн теңге түсті немесе жоспар (21 132 млрд теңге) 90%-ға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке 11,8 трлн теңге немесе жоспардың (14,5 трлн теңге) 82%-ы түсті. Жоспардың орындалмауы салықтар бойынша түсімдердің азаюына байланысты болды, ол 76%-ға атқарылған», - дейді вице-министр.
Жоспардың орындалмауына үшінші елдерден импорт көлемінің 6,4%-ға немесе 2,3 млрд долларға азаюы, негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеуі себеп болған. Ірі 602 салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомасы 27%-ға немесе 267 млрд теңгеге азайған.
Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару 2,5 есе ұлғайып, 981 млрд теңгені құраған.
Біржановтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 108%-ға атқарылып, 7,2 трлн теңгеге жеткен. Жоспар 525 млрд теңгеге асыра орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда кірістер 26,5%-ға өскен немесе 1,5 трлн теңгеге көп түскен.